«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаңтар айында ҚР Үкіметінде, ал ақпан айында ҚР Парламентінде қаралады. Заңдарға ағымдағы жылдың маусым айында қол қойылады.
Білім және ғылым министрлігімен «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді. Болашақ заңның мазмұнын кеңінен талқылау мақсатында БҒМ сайтында және «Білімді ел» — «Образованная страна» газетінде ««Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау» тақырыбында арнайы айдарлар ашылды.
Заң жобасы ел мұғалімдерін жоба мазмұнымен таныстырып және талқылап, оларға өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік беру мақсатында WhatsApp-таралым арқылы барлық чаттарға бағытталды. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мұғалімдер ұжымдарында заң жобасы белсенді түрде талқылануда. Заң жобасы бойынша 8 мыңнан астам ұсыныстар келіп түсті. 2018 жылдың желтоқсан айында аталмыш заң жобасы Алматы қаласының педогогтері арасында кеңінен талқыланды.
2018 жылдың 14 желтоқсанында Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының тұжырымдамасы барлық комиссия мүшелерінің қолдауына ие болды. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында педагогтердің құқықтық жағдайын сапалы түрде жақсартуға және олардың әлеуметтік қорғалуына кепіл болатын, педагогтердің қызметіне қатысты құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қатынастарын реттеу қарастырылған.
«Педагог статусы туралы» заң жобасы сіздің назарыңызға ұсынылады — талқылау жалғасуда. Дəл осы жерде, яғни газеттің www.bilimdinews.kz сайтындағы «Педагог статусы туралы» заң жобасын талқылау» айдарында заң жобасын оқыңыздар, түсініңіздер, талқылаңыздар, өз ұсыныстарыңыз жəне ойларыңызбен бөлісіңіздер!
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
(ЖОБАСЫ)
Осы Заң педагогтің жеке тұлға мен қоғамды дамытудағы ерекше рөлін, осы рөлге сәйкес келетін жағдайды қамтамасыз етудің маңыздылығын негізге ала отырып, кәсіптік қызметке байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және педагогтің құқықтық мәртебесін сапалы жақсартуға, оның әлеуметтік-экономикалық қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
I тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) педагог – білім беру ұйымымен еңбек шартының негізінде білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу және (немесе) білім беру қызметін ұйымдастыру жөніндегі кәсіптік қызметті жүзеге асыратын тұлға;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
3) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) ұлттық біліктілік тестілеуі – педагогтің кәсіптік даярлық деңгейін айқындауға және (немесе) білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген тестілер бойынша біліктілік санатын беру үшін біліктілік сәйкестігін растауға бағытталған бағалау жүйесі;
5) педагогтің кәсіптік стандарты – білім беру саласындағы біліктілік деңгейіне және құзыреттілігіне, мазмұнға, сапаға және еңбек жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;
6) тәлімгерлік – білім беру ұйымының басшысы (тәлімгер) айқындайтын, педагог ретінде жұмысқа алғаш қабылданған адамға кәсіби бейімделуге практикалық көмек көрсету бойынша кемінде 5 жыл өтілі бар педагогтің ақы төленетін қызметі;
7) қайта даярлау – басқа кәсіпті немесе мамандықты меңгеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
8) педагогтің академиялық адалдығы – оқытудағы, бағалаудағы және зерттеудегі адалдықты дамытатын құндылықтар мен қағидаттар жиынтығы.












