Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы жолдауында Білім министрлігіне "Педагог мәртебесі" туралы жаңа заң дайындау тапсырылған болатын. Жуырда ғана Үкімет отырысында еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев "құжат 2019 жылы қабылданады, биыл қоғамдық талқылаудан өтеді" деп сүйінші сұраған.
Міне, қоғамдық талқылауға түспей жатып оның шикі тұстары туралы айтылып, жазыла бастады. Әлеуметтік желіге заң жобасынан үзінді келтірген ұстаздардың бірі құжатты "көшірме" десе, екіншілері "заңның түпнұсқасы қазақ тілінде дайындалмаған, онда қазақ ұстаздарының мүддесі қорғалмайды" дейді.
"Өзге заңдардың кебін кимесе болғаны..."
Заң жобасының мәтінінің мектептерге орыс тілінде келіп жатқаны туралы айтып, алғаш мәселе көтерген мұғалімдердің бірі – Мейіржан Темірбекұлы. Осы құжаттың атауымен аттас қоғамдық бірлестікті басқарып отырған ұстаз оның қазақша жазылып, қазақша талқылауын талап етеміз дейді.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында заң жобасын Білім және ғылым министрлігі мен Ұстаздар кәсіподағы дайындайтыны айтылған. Біздің мектепке кәсіподақтан құжаттың жобасы келді. Құжат толайымен орыс тілінде жазылған, сондықтан да бірінші қазақша дайындалсын, қазақ тілінде талқылансын деп отырмыз.
Әзірге талабымызды әлеуметтік желілерде тиісті органдарды тіркеп жазып отырмыз. Жазайық десек, хатымыз бір ай, екі ай жүреді, сол екі ортада жаңа жыл келіп, заң қабылданып та қоятын шығар – дейді "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбекұлы.
Жалпы, Білім министрлігі заң жобасына қатысты ұсыныстарын ұстаздар bilimdinews.kz порталына жолдауын сұраған. Мұғалімдер біраз белсенділік танытып, мазалаған сұрақтарын жолдап жатыр. Бірақ, Мейіржан Темірбекұлы "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің жіберген ұсыныстары жарияланған жоқ дейді.













