Меню KDT

введите текст

введите текст

Білімді ел

введите текст

block2_eop.png?_=1495529263
<

введите текст

введите текст

Талқылау жалғасуда!

«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаңтар айында ҚР Үкіметінде, ал ақпан айында ҚР Парламентінде қаралады. Заңдарға ағымдағы жылдың маусым айында қол қойылады.

Білім және ғылым министрлігімен «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді. Болашақ заңның мазмұнын кеңінен талқылау мақсатында БҒМ сайтында және «Білімді ел» – «Образованная страна» газетінде ««Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау» тақырыбында арнайы айдарлар ашылды.

Заң жобасы ел мұғалімдерін жоба мазмұнымен таныстырып және талқылап, оларға өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік беру мақсатында WhatsApp-таралым арқылы барлық чаттарға бағытталды. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мұғалімдер ұжымдарында заң жобасы белсенді түрде талқылануда. Заң жобасы бойынша 8 мыңнан астам ұсыныстар келіп түсті. 2018 жылдың желтоқсан айында аталмыш заң жобасы Алматы қаласының педогогтері арасында кеңінен талқыланды.

2018 жылдың 14 желтоқсанында Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының тұжырымдамасы барлық комиссия мүшелерінің қолдауына ие болды. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында педагогтердің құқықтық жағдайын сапалы түрде жақсартуға және олардың әлеуметтік қорғалуына кепіл болатын, педагогтердің қызметіне қатысты құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қатынастарын реттеу қарастырылған.

“Педагог статусы туралы” заң жобасы сіздің назарыңызға ұсынылады – талқылау жалғасуда. Дəл осы жерде, яғни газеттің www.bilimdinews.kz сайтындағы “Педагог статусы туралы” заң жобасын талқылау” айдарында заң жобасын оқыңыздар, түсініңіздер, талқылаңыздар, өз ұсыныстарыңыз жəне ойларыңызбен бөлісіңіздер!

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

(ЖОБАСЫ)

Осы Заң педагогтің жеке тұлға мен қоғамды дамытудағы ерекше рөлін, осы рөлге сәйкес келетін жағдайды қамтамасыз етудің маңыздылығын негізге ала отырып, кәсіптік қызметке байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және педагогтің құқықтық мәртебесін сапалы жақсартуға, оның әлеуметтік-экономикалық қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

I тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) педагог – білім беру ұйымымен еңбек шартының негізінде білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу және (немесе) білім беру қызметін ұйымдастыру жөніндегі кәсіптік қызметті жүзеге асыратын тұлға;

2) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

3) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

4) ұлттық біліктілік тестілеуі – педагогтің кәсіптік даярлық деңгейін айқындауға және (немесе) білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген тестілер бойынша біліктілік санатын беру үшін біліктілік сәйкестігін растауға бағытталған бағалау жүйесі;

5) педагогтің кәсіптік стандарты – білім беру саласындағы біліктілік деңгейіне және құзыреттілігіне, мазмұнға, сапаға және еңбек жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;

6) тәлімгерлік – білім беру ұйымының басшысы (тәлімгер) айқындайтын, педагог ретінде жұмысқа алғаш қабылданған адамға кәсіби бейімделуге практикалық көмек көрсету бойынша кемінде 5 жыл өтілі бар педагогтің ақы төленетін қызметі;

7) қайта даярлау – басқа кәсіпті немесе мамандықты меңгеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;

8) педагогтің академиялық адалдығы – оқытудағы, бағалаудағы және зерттеудегі адалдықты дамытатын құндылықтар мен қағидаттар жиынтығы.

2-бап. Педагог мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

Педагог мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

II тарау. Педагог мәртебесі және оның педагогикалық қызметі

3-бап. Педагог мәртебесінің мазмұны

1. Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылады.

2. Педагог Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады.

3. Педагогикалық жұмыстың жағдайлары мен сипаты педагогтің құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, сондай-ақ оларды іске асыру кепілдігін қамтитын педагог мәртебесінің мазмұнын айқындайды.

4. Барлық білім беру ұйымдарының педагогтері бірыңғай мәртебеге ие және өзара кәсіптік қызмет ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

4-бап. Педагог мәртебесіне ие тұлғалар

1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, біліктілік сипаттамаларында және (немесе) кәсіптік стандарттарда көрсетілген біліктілік талаптарына жауап беретін, кәсіптік қызметпен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматтары педагог мәртебесіне ие болады.

2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын осы ұйымдар кәсіптік стандарт негізінде дербес айқындайды.

5-бап. Педагог әдебі

1. Педагог қоғамда кәсібінің жоғары мәртебесін сақтайды, әдеп нормаларын орындайды, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке әлеуетін іске асыру, патриотизм мен жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру үшін бар күшін салады.

2. Педагог білім алушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды тұлғалардың, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтейді, олармен қарым-қатынас жасаған кезде ашықтық, ізгі ниеттілік және әдептілік танытады.

3. Педагог білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын құруға ұмтылады.

4. Педагог өзінің кәсіптік қызметінде академиялық адалдықты сақтайды, оның ішінде басқа адамдардың зияткерлік еңбегіне құрметпен қарайды, өзгенің зияткерлік меншігін иемденуден бас тартады.

6-бап. Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау

1. Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге құқығы бар.

2. Педагогке ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беріледі.

3. Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

7-бап. Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету шарттары

1. Педагогтерге өздерінің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдай жасалады.

2. Педагогтің кәсіптік қызмет жағдайларын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен нормативтер; оларға тән емес функцияларды орындауды болдырмайтын еңбекті ұтымды ұйымдастыру; орта білім беру ұйымдарында сыныптардың және мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиеленушілер топтарының толымдылығын нормалау; штаттарда оқу процесін сүйемелдейтін тиісті мамандардың болуы, сондай-ақ білім беру ұйымдарының алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерге, оқыту мен тәрбиелеудің жоғары сапасына қол жеткізуге ықпал ететін басқа да шаралар негізінде жүзеге асырылады.

3. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, оқыту және тәрбиелеу құралдарымен жарақтандыруды ұйымдастыру білім беру ұйымына жүктеледі.

4. Педагогке өз қаражаты есебінен оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету үшін қандай да бір тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді.

5. Жергілікті атқарушы органдар білім алушыларды дамыту, оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылдауға құқылы.

8-бап. Педагогті оның кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту

1. Мыналарға:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогті оның кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;

2) педагогтен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептіліктің не ақпараттың қандай да бір нысандарын ұсынуды талап етуге;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулерді жүргізуге жол берілмейді.

2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

9-бап. Педагогке кәсіптік қызметке рұқсат беру

1. Педагогтің кәсіптік қызметпен айналысу құқығы ол Ұлттық біліктілік тестілеуінен өту нәтижелері бойынша құжат алған жағдайда туындайды.

2. Педагогикалық білімі жоқ, бірақ тиісті мамандық бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта

білімнен кейінгі білімі және біліктілігі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен және Ұлттық біліктілік тестілеуінен өту нәтижелері бойынша сертификат алғаннан кейін педагог ретінде кәсіптік қызметпен айналысу құқығы беріледі.

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатарындағы педагогке қолданылмайды.

4. Педагогтің кәсіптік даярлығының деңгейін айқындап, бағалау және оған біліктілік санатын беру үшін біліктілік санатын беру (растау) тәртібі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидалармен айқындалады.

10-бап. Педагогтің кәсіптік қызметпен айналысуына рұқсат беруді шектеу

Білім беру ұйымдарында педагогтің кәсіптік қызметіне:

1) заңды күшіне енген сот үкіміне сәйкес педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылған;

2) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған;

3) медициналық қарсы көрсетілімі бар;

4) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұрған;

5) адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауда жүрген немесе қудалауда болған (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларының негізінде оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) адамдарға жол берілмейді.

III тарау. Педагог құқықтары

11-бап. Педагогтің кәсіптік қызметтегі академиялық бостандықтары мен құқықтары

1. Педагог өзінің кәсіптік қызметінде:

1) өзінің ойын білдіруге;

2) оқыту мен тәрбиелеудің педагогикалық негізделген нысандарын, құралдарын, әдістерін таңдауға және қолдануға;

3) кәсіптік қызметті ұйымдастыру түрлері мен нысандарын таңдауға;

4) білім алушылармен және тәрбиеленушілермен жұмыстың нысандары мен әдістерін таңдауға;

5) білім алушылардың оқу жетістіктерін нақты бағалау үшін әдістерді таңдауға және қолдануға;

6) кәсіптік қызметіне араласудан академиялық бостандыққа ие.

2. Педагог:

1) кәсіптік қызметпен айналысуға;

2) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге;

3) ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;

4) шығармашылық бастамашылыққа, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеуге және қолдануға;

5) оқулықтарды, оқу құралдарын, материалдарды және оқу бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің өзге де құралдарын таңдауға;

6) оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын, күнтізбелік оқу кестелерін, әдістемелік материалдарды және білім беру бағдарламаларының өзге де құрамдауыштарын әзірлеуге қатысуға;

7) жұмыс орны бойынша білім беру ұйымында сайлануға және сайланбалы қызмет атқаруға;

8) білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты мәселелерді, оның ішінде басқару органдары және қоғамдық ұйымдар арқылы талқылауға қатысуға;

9) білім беру ұйымының алқалы басқару органдарының жұмысына қатысуға;

10) үздіксіз кәсіби дамуға және біліктілікті арттыру нысандарын таңдауға;

11) біліктілік санатын беруге (растауға) ;

12) өзінің кәсіптік қызметінде ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық, оның ішінде оқыту және тәрбиелеу құралдарымен қамтамасыз етуге;

13) кітапхананы және ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, сондай-ақ ақпараттық-телекоммуникациялық желілер мен деректер базасына, оқу және әдістемелік материалдарға, кәсіптік қызметті сапалы жүзеге асыру үшін қажетті білім беру қызметін қамтамасыз етудің материалдық-техникалық құралдарына қол жеткізуге;

14) қызметі заңнамаға қайшы келмейтін қоғамдық бірлестіктердің мүшелігіне кіруге;

15) жеке педагогикалық қызметке;

16) кәсіптік қызметтегі жетістіктері үшін көтермеленуге;

17) әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға;

18) педагогтің педагогикалық әдебі нормаларының бұзылуын әділ және объективті тергеп-тексеруге;

19) педагогикалық өтілі мен жалақысы сақтала отырып, ұзақтығы бес жылда бір рет кемінде 6 ай ғылыми қызметпен айналысу үшін шығармашылық демалыс алуға;

20) ата-аналарға немесе өзге де заңды өкілдеріне білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту мен тәрбиелеу мәселелері бойынша консультация беруге, оларға оқыту мен тәрбиелеу үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарын түсіндіруге;

21) білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және шарттарда кәсіптік дағдыларды қолдау және арттыру үшін кәсіпорын базасында тағылымдамадан өтуге;

22) білім беру ұйымы, жергілікті атқарушы органдар және білім беру саласындағы уәкілетті орган басшысының бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға құқылы.

2. Педагогтің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

3. Ғылыми қызметпен айналысу үшін шығармашылық демалыс берудің тәртібі мен шарттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген академиялық бостандықтар мен құқықтар білім беру қызметінің басқа да субъектілерінің құқықтары мен бостандықтарын, педагогтің педагогикалық әдеп нормаларын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогтің кәсіптік қызметіне лауазымды тұлғалар, сондай-ақ азаматтар тарапынан араласуға жол берілмейді.

6. Тәрбиеленуші мен білім алушының ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне өзінің сипаты бойынша педагогтің кәсіптік міндеттерінің шеңберіне кіретін мәселелерге негізсіз араласуға тыйым салынады.

7. Бір оқу жылы кезеңінде білім беру ұйымына алғаш жұмысқа кіріскен педагогке тәлімгерлік үшін тәжірибелі педагог бекітіледі.

12-бап. Материалдық қамтамасыз ету құқығы

1. Педагогтің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.

2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарындағы лауазымдарды атқаратын педагогтің айлық жалақысы білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген апталық нормативті оқу жүктемесінің негізінде есептеледі.

3. Профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесінің нормаларын, еңбекақы төлеу нысандары мен мөлшерін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы дербес айқындайды.

4. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасы шегінде белгіленеді және оны басқарудың алқалы органының шешімі негізінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының басшысы бекітеді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысын айқындау кезінде әскери, арнайы оқу орындарын, мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының жалпы санын есептеу үшін білім алушылар санының оқытушыларға орташа арақатынасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

5. Ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін мемлекеттік ұйымдардың профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары арттыру коэффициенті ескеріле отырып айқындалады.

6. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын білім беру ұйымдары педагогінің жалақысын есептеу ерекшеліктерін еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

7. Педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымдарды қоса атқарғаны (қызмет көрсету аймағын кеңейткені) үшін; ерекше еңбек жағдайлары үшін; бейіндік бағыттағы жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытқаны үшін; ауыр (ерекше ауыр) дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) жұмыстарда істейтіндерге; педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін; өндірістік оқытуды ұйымдастырғаны үшін; психоэмоциялық және дене жүктемелері үшін қосымша ақылар белгіленеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасында педагогке қосымша ақылардың басқа да түрлері қарастырылуы мүмкін.

8. Педагогке негізгі жұмыс орны бойынша мынадай тиісті дипломы бар болған жағдайда:

философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;

ғылым кандидаты дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы дәрежесі үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;

орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы магистр дәрежесі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде;

профессор, қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде қосымша ақы белгіленеді.

9. Жергілікті өкілді органдар педагог жалақысының мөлшерін өңір бойынша орташа жалақыға сәйкес келетін деңгейден төмен емес белгілеуге, сондай-ақ жалақыға қосымша ақылар мен үстемеақылардың әртүрлі түрлерін, оның ішінде «Үздік педагог» атағын иеленушіге – 300 еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем емес мөлшерде сыйақы белгілеуге құқылы.


Жаңалықты мекеменің сайтында қарау

Жаңалықтар тізіміне көшу

Пікірлер


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь